Loading...

Алматыда “Central Asia's Sustainable Development Goals in a Changing Global Order” форумы өтті.

2025 жылғы 19 қыркүйекте «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан-Неміс университеті (DKU), Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Рур университеттер альянсы (Германия) бірлесіп ұйымдастырған халықаралық форум өтті.

Форум ғылым, саясат, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдері арасындағы стратегиялық диалог алаңына айналды.

Қатысушыларды құттықтап сөз сөйлегендер: ҚР ҰҒА президенті, профессор Ақылбек Күрішбаев; DKU президенті, профессорВолрад Роммель; ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек (онлайн); ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық мәдениет және саясат департаменті директорының орынбасары Наталья Даулетьярова (онлайн); Германия Федеративтік Республикасының Алматыдағы Бас консулы Маттиас Кислер; Рур университетінің (Бохум) ректоры, профессор Мартин Пауль; Германия ғылыми қорының (DFG) вице-президенті профессор Карин Якобс.

Бағдарлама төрт тақырыптық блоктан тұрды: Sustainable Central Asia: Challenges and Policy, Integration of Science into Policy-Making Processes and Change, Global Approaches және Economics and Value Chains.

Таңғы сессияда “Sustainable Central Asia: Challenges and Policy” профессор Волрад Роммель Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін негізгі сын-қатерлерді атап өтті. Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігінің ЖЭК дамыту басқармасының басшысы Балтуған Тажмакина Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жетудегі жаңартылатын энергия көздерінің рөлі туралы баяндама жасады. Dr. Каролайн Милоу (GIZ) Green Central Asia бастамасын таныстырып, климаттық дипломатия мен трансшекаралық су ресурстарын басқарудың маңыздылығын көрсетті.

“Integration of Science into Policy-Making Processes and Change” бөлімінде профессор Чокан Лаумулин (КБТУ, БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика комитеті төрағасының орынбасары) «жасыл өтпелі кезең» және сыни шикізат мәселелерін талқылады. Профессор Дирк Саксе (GFZ Helmholtz) болашақ ландшафтарды орнықты пайдалану тұжырымдамаларын ұсынды. Профессор Карен Шайр (Дуйсбург–Эссен университеті) ғылыми білімді әлеуметтік тәжірибеге айналдыру тетіктерін қарастырды. Профессор Герхард Шембеккер (Дортмунд техникалық университеті) BRYCK стартап альянсы аясындағы инновацияларды жеделдету үлгісімен бөлісті.

“Global Approaches” бөлімінде профессор Андреас Лёшел (Рур университеті, Бохум) энергетикалық жүйелердің болашағы мен Германияның энергетикалық көшу стратегиясы туралы баяндады. Dr. Йоханнес Бауэр (ЕО делегациясы, Қазақстан) ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тоқталды. Сондай-ақ Филип Гасс (IISD) күрделі энергетикалық реформаларды іске асыру стратегиялары туралы баяндады.

Қорытынды блокта “Economics and Value Chains” Эдуард Кинсбрунер (AHK Central Asia) Орталық Азия нарықтарына шығу тетіктерін сипаттады. Айнұр Соспанова (Qazaq Green RES) «жасыл бизнестің» аймақтағы келешегін атап өтті. Геннадий Рау(Азия Даму Банкі) табиғи апат тәуекелдерін қаржыландыру мәселелерін көтерді. Рур университетінің ректоры профессор Мартин Пауль жас ғалымдарды қолдау мен академиялық мобильділікті кеңейтудің маңыздылығын айтты.

Форумды қорытындылаған сөзінде DKU президенті, профессор Волрад Роммель бұл алаңның Орталық Азия мен Еуропа арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Форумда «ғылым — қоғам — индустрия» байланысына ерекше мән берілді. Дуйсбург–Эссен университетінің тәжірибесі көрсеткендей, көпсалалы орталықтар, халықаралық серіктестіктер мен бірлескен жобалар (мысалы, су және энергетикаға арналған мембраналық технологиялар) арқылы ғылыми білімді әлеуметтік тәжірибеге және басқарушылық шешімдерге енгізуге болады. Жас зерттеушілерді даярлау да басты назарда болды.

Қатысушылар климаттық тұрақтылық, энергетикалық көшу, ғылымды мемлекеттік басқаруға енгізу, халықаралық әріптестік және орнықты құн тізбектерін қалыптастыру бойынша ортақ ұстанымдарды растады. Келесі кезеңде су және энергетикаға қатысты өңірдің тау-мұздық ерекшеліктерін ескеретін «жол карталарын» әзірлеу, академиялық мобильділікті кеңейту, технологияларды трансферлеу экожүйесін нығайту және климаттық тәуекелдерді қаржыландыру тетіктерін дамыту ұсынылды.

GIZ өкілдері Green Central Asia бастамасының 2020 жылдан бері климаттық дипломатияның маңызды алаңына айналғанын және Париж келісімін, ЕО–Орталық Азия стратегияларын, сондай-ақ ұлттық бағдарламаларды толықтырғанын атап өтті. Германияның осы бағыттағы жалпы міндеттемелері €250 млн-нан асты. Негізгі құрамдас бөліктерге RCCAS стратегиясы, су ресурстарын басқару, ЖЭК дамыту және Арал өңірін «жасыл» жаңғырту кіреді. 🇪🇺 ЕО делегациясы Global Gateway инвестициялық пакетін (€12 млрд) таныстырды. Ол көлік пен цифрлық байланысқа, сыни шикізатқа және «Су—Энергия—Климат» бағытына басымдық береді. Күтілетін нәтижелер — жаңартылатын энергия көздерін дамыту қарқынын арттыру, энергетикадағы шығарындыларды азайту, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін күшейту, экожүйелерді қалпына келтіру және Team Europe Initiative аясында үйлестіруді нығайту. Іске асырылып жатқан бағдарламалар қатарында CAWEP-4 (Дүниежүзілік банк), EU4SustainableCentralAsia (GIZ) және EURECA (Орталық Азиядағы ЖЭК).

GFZ Helmholtz ғалымдары антропогендік өзгерістердің көміртек айналымы мен су балансына айтарлықтай ықпал ететінін көрсетті. 2002–2014 жылдары Орталық Азияда жерүсті су қоры азайды. Спутниктік бақылау және кешенді деректер суару мен суды үнемдеудің жаңа шешімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Ландшафтарды көміртек сіңіргіш ретінде қарастыру ұзақ мерзімді стратегияларды қажет етеді, оның ішінде көміртекті ұстап қалудың табиғи әдістерін бағалау да бар.