Шрифт өлшемі:

Түс схемасы:

ESERA жобасы шеңберінде дала іс-шараларын өткізу туралы есеп

Ү.ж. 25 тамыз бен 14 қыркүйек аралығында Қазақстан-Неміс университеті Қазақстан Республикасындағы «Халықаралық Аралды құтқару қорының" атқарушы дирекциясымен және «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығымен бірлесіп Қызылорда облысы Арал ауданының аумағында ESERA (Ecosystems, Society and Economics of the region of Aral) жобасы шеңберінде далалық іс-шаралар өткізді.

ESERA жобасы Арал өңірінің қоршаған ортасы мен әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымының проблемалары мен қазіргі жай-күйін зерделеуге бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты — климаттың өзгеруінің өңірдің аймақтық экологиялық және әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігіне әсерін бағалау және қазіргі жағдайын мониторингілеуге бағытталған тақырыптық зерттеулер арқылы жас зерттеушілердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру.

Далалық іс-шаралар екі компоненттен тұрды: Аралдағы екінші жазғы мектеп (оқу-танымдық компонент) және ғылыми-зерттеу компоненті шеңберіндегі далалық зерттеулер, оларға сәйкесінше қатысушылардың екі түрлі тобы қатысты.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен 11 жас зерттеуші қатысқан Аралдағы екінші жазғы мектеп 2020 жылдың 25−30 тамыз аралығында өтті. Жазғы мектеп кезінде қатысушылар сарапшылардан аймақтың тарихы, экологиялық апат және оның салдары туралы көптеген пайдалы ақпарат алды, бұрынғы Барсакелмес аралы Көкарал бөгетіне барып, «Барсакелмес» қорығының «Қасқакөл» учаскесінде құландар мен қарақұйрықтарды тірі байқауға бірегей мүмкіндік алды, бірақ ең бастысы — жаңа достар тауып, көптеген жағымды эмоциялар алды.

Далалық жұмыстардың зерттеу компоненті (2020 жылғы 25 тамыз-14 қыркүйек) жас ғалымдардың далалық зерттеулерді үш бағыт бойынша жүргізуінен тұрды:

  1. Көкарал бөгетіндегі балық қорғау құрылыстары мен құрылғыларын зерделеу, сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту үшін әлеуетті су айдындарын зерделеу;
  2. Арал теңізінің құрғаған түбінде орналасқан пилоттық учаскелерде сексеуілдің таралуы мен жерсінуін зерделеу және елді мекендердегі фитомелиоративтік іс-шаралардың тиімділігін зерделеу;
  3. Климаттың өзгеруі мен апаттың жергілікті тұрғындарға, оның ішінде олардың денсаулығына, әл-ауқатына және еңбек қызметіне әсерін зерттеу.

Далалық іс-шаралар кезінде жиналған деректер одан әрі ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін пайдаланылады, оның нәтижелері Central Asian Journal of Water Research журналында жарияланады.

Барлық сұрақтарыңыз бойынша ESERA жобасының менеджері Алмас Кітапбаевқа хабарласуыңызды сұраймыз:

Тел. +7−727 355 05 51 (ішкі 243)

+7 702 100 77 67

E-mail: kitapbayev@dku.kz

Бөлісу